Маған түктің қажеті жоқ
дүниенің, шен мен шекпен, мәнсаптың,
Сол бір тастай қаттыларды жұмсартам деп
ән боп, жыр боп қанша ақтым!
Ағалар–ай, сендер бірақ
мал саттыңдар, жан саттыңдар, ар саттың,
Кешегі асыл бабаларды жоқтаттыңдар,
сағындырып аңсаттың!
Ағалар–ай, бізге қажет боп тұрсыңдар
келсеңдерші, келіңдер,
Өнер болып өртеніңдер,
өркен болып өркендеңдер,
өндіріс боп өніңдер.
Ел туы боп желбіреңдер,
Жер суы боп көлбіреңдер,
жеңіскер боп жеңіңдер,
Ұлттың ұран ұлы болып,
жұрттың қыран құлы
болып інілердің асқар таудай ағасы боп өліңдер.
Ағалар-ай, ағалар-ай келіңдер!
БАЙЫТ ҚАБАНҰЛЫ