Қашаған ақын мен Құрманғазы күйші қыстың бір суықкүнінде Каспий теңізінің терістік шығысындағы Елпіл-декті деген аралда отырған ауылға келеді. Күн кешкіріп қалған соң, осы ауылға қонбақ болады. Әуелі малшы жігіттерге кезігеді. Олар: «Осы бір қонақжай үй», – деп,
Есқали сұпыныкін сілтейді. Сұпы үйінің шықберместігін
білетін олар қонақтардың бірі Қашаған екендігін сезіп,
Есқалиды бір жерлеттіруді ойласа керек. Атын байлап,
үйге беттеген Қашағандарды Есқалидың мал қоралап
жүрген келіні мен баласы:
–Қонаққа тіккен үйіміз жоқ, өзіміз малымызды күте
алмай жатырмыз, – деп, кес-кестеп кіргізбейді. Қашаған
сүрініп кетіп, қарға жығылып қалады.
Сонда:
– Жаз болса, мен осы үйге қонбас едім,
Өлеңім, он төрт жастан жолдас едің.
Бай, сұпы, хан-кәкімнен ығар болсаң,
Сен өлең, мен Қашаған болмас едім.
Осы үйге қона алмасам, маған сын,
Сұпыны шаға алмасаң, саған сын,
– деп, далада омбы қардың үстінде домбырасын алып,
Сұпы келінінің әдепсіздігін жерлей жөнеледі:
Кетенің кет деп отыр келіншегі,
Кетуге ұстап отыр еріншегім.
Жас жігіт қонам десе, қон дер едің,
Ұстар ед сонда сенің көңілшегің.
Мен келдім қонатұғын уағымда-ай,
Қон десең, алар едің сауабымды-ай.
Қашаған Күржіманұлы