ДӘСТҮРЛІ ЖЫР-ТЕРМЕ – ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ


Елбасымыз Н. Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында: «Дәстүр мен мәдениет — ұлттың генетикалық коды. Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек» деп нақты айтты. Өнермен ауызданып, жырмен жұбанған, аталы сөзге тоқталып, баталы сөзге бас иген xалқымыз ұлттық өнерді жоғары бағалайды. Егеменді қазақ елінің ұлттық құндылықтарының бірегейі – дәстүрлі жыр-терме! Дәстүрлі жыр-терме қазақ баласының ұлттық болмысының қалыптасуына, сан-ғасырлық тарихына көз тастауына, бабадан қалған мұрасын қастерлеуіне үлкен септігін тигізіп келеді. Иә, еліміз тәуелсіздік алған соң өнер — жыр мамандығы өзіндік статусқа ие болып, мемлектетік стандарт негізінде, толық оқу-әдістемелік кешен бойынша оқытыла бастады. Міне, бүгінде жыршылық-жыраулық өнерді ұстанған талантты жастар бұл бағытты шынайы зерттеп, тереңнен, тамырынан тануға қол жеткізіп келеді. Жыр-терме нақыл сөз, ұйқасты афоризмдер үлгісінде құрылып, өнегелі. нұсқалы сөздердің тізбегіне айнала отырып ғибраттылық мән береді һәм моральдық жағынан қазақ баласы болмысына қатысты көптеген рухани мәселелерді көтереді. Саф алтындай ғасырлар бойы сақталып келген халықтық асыл мұрамыз – дәстүрлі музыка әрбір оқушының жүрегінен орын табуы әрбір ұстаздың парызы. Ұлттық өнерді дамыту, дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау және оларды оқушының үйренуіне, терең қабылдауына ұстаз жауапты. Өлкеміздің жыр мектебі тұтас Қазақстанға жайылып, жыршыларымыздың шығармаларын бүгінде өзге өлке өрендері де жатқа айтатындай деңгейге жетті. Сыр өңірінің жыр мектебіне – Арал-Қазалы аймағы (Төремұрат, Нұртуған, Жаңаберген, Дәріқұл, Жаппарберді, Нұрмағанбет, Жансүгір жыраулар) және Кете-Шөмен (Қармақшы) мектептері (Омар, Базар жырау, Оңғар жырау, Көшеней, Жиенбай, Сәрсенбай жыраулар) кіреді.
Жыр, терме – бабалар тілегі. Атадан балаға қаймағы бұзылмай жеткен ұлттық өнерді алқалы әлеуметке боямасыз ұсыну әрбір өнерлі ұланның парызы. Қазақтың ұлттық музыкасы – ұлттың інжу-маржаны. Жыр-терменің пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамдық-әлеуметтік сарындар басым болса, ал термеде көбіне күнделікті өмірге, рухани, мәдени тірлікке қатысты жағдайлар көп мәнге ие болады. Жыр да сөз бен әуен сабақтасып келгендіктен, ол синкретті өнерге жатады. Сөздің мағынасы, әсерлілігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, әуеннің, домбырамен сүйемелдеудің де үлкен мәні бар. Жыр-терме сөзді әсерлі де айқын, анық жеткізуге лайық қысқа қайырылатын, жеңіл желдірмелі регитативті әуенмен айтылады.
Бабаларымыз ат үстінде найзасына сүйеніп мызғып алып, ұлан-ғайыр жерін қорғай жүріп, дәстүрлі өнерді көзінің қарашығындай сақтап, халықтың мұң-мұқтажын қара домбырамен жеткізген. Ұлттық өнерді кейінгі ұрпаққа насихаттауды мақсат тұту әркімге парыз.


Ботакөз Шайкен Раушанбекқызы

Дәстүрлі жыр-терме оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *