Көтеншіде Құлыншақ –
Өлең сөздің ұстасы,
Майлықожа, Мәделі –
Бұлар оның тұстасы.
Сөздерінің бар еді
Тістейтіндей қышқашы.
Ең озығы – Құлыншақ,
Өлең десе, ұрыншақ.
Шу асауды тоқтатқан
Бұғалықты бұрын сап.
Айып бізге болмай ма,
Сөзден тайып жығылсақ.
Қартайыпты-ау демей ме,
Үн шығармай жығылсақ.
Сәлем бердің, Құлыншақ,
Жасым үлкен болғасын,
Бір-екі сөз айтайын,
Жұртым қолқа салғасын.
Кімге опа етеді,
Мынау дүние жалғаның,
Шайнамай қылғып жұтады,
Ауызына салғанын.
Талайлар тастап жөнелген,
Сайрандаған жалғанын.
Орындай алмай өкініп,
Көңіліне алғанын.
Ұстай алмай қапы қап,
Қармаса да арманын.
Мен тілеймін әрқашан,
Ерлердің аман болғанын.
Еліме келіп қалыпсың,
Әруақ болсын қорғаның.
Жолың болсын қайтсаң,
Сәлем де Қаратау еліне.
Ажал шіркін келмейді,
Көзіңе сенің көріне,
Жөнеп кетсек бір күні
Қияметтің өріне.
Дұғаңды бізге арнай жүр,
Кетті деп барар жеріне.
Құлыншақ Кемелұлы