Айтайын айт дегенде бір Құдайды,
Жаратқан Құдай артық күн мен айды.
Атаның аруағына түней келдік,
Жақсылар жүрсіздер ме күліп жайлы.
Жақсылар, бірің таусың, бірің мырза,
Жайылған бауырында біздер құлжа.
Осындай дидарласып кездескенде,
Көңілім, сөйлеспесем, болар ма ырза.
Бай болсаң көңіл болар аспан жақта,
Көңілің жарлы болсын басқармақта.
Дәулетің Қарынбайдай болғанымен,
Дүниені ақыл керек басқармаққа.
Мал бітсе, жаман адам палуан-дағы,
Жақсыға мал бітпесе арман-дағы.
Қорада қой, сандықта пұлың болса,
Қызығың осы емес пе жалғандағы.
Би болмас белін жалпақ буғанменен,
Ағармас нәсілі қара туғанменен.
Жігіттің бәрі бірдей бас болмайды,
Атадан алтау болып туғанменен.
Әр нәрсе барға базар, жоққа мазар,
Жаз жардан жарлы сорлы ауқат табар.
Жез бармақ, болат тұмсық болғанменен,
Сұңқардан қанаты жоқ қарға да озар.
Әріпте жиырма тоғыз келеді дәл,
Шариғат сөзін айтсам болады бал.
Алдыңда бес-алты ауыз сөйлейін сөз,
Жақсылар, сөзім тыңдап, құлағың сал.
Жабыдан айғыр салма жалы бар деп,
Тексіздің қызын алма малы бар деп.
Көңілім көргеннен соң өкситұғын,
Қойнында өлген сарттың наны бар деп!..
Құлыншақ Кемелұлы