Бір күрсініп алып ол терең ғана,
«Кеп тұр» дейді, білмеймін, келем бе, аға…
Сенде бары – осы ауыл жайлы естелік,
Менде бары – мұңдылау өлең ғана!
Аң қараймыз дей ме екен қырға шығып,
Калмағанын білем ғой құр да шілік.
…Осы құмнан жаралған қос қоңырым,
Бірте-бірте барады құмға сіңіп…
Ойлап келем әрнені, ойлап келем,
Ауылыңа жетем деп қай жақпенен.
Түзге батып барады қара жолдар,
Күзге батып барады ай баппенен.
Ой, қара жол ұзайды шиырлана,
Ширатайын деді ме қиыр дала.
Бірде қыз боп билейді тыр жалаңаш,
Бірде құс боп айналар құйын ғана.
Ой, қара жол, қара жол, қалай барам,
Қара да жоқ жол бойы қарайлаған.
Боз далада бейуақ бөрі ұлыған,
Бөрі емшегін тартқылап бала ойнаған.
Қыр басынан құлдилап көш құлайды,
Көшкен жұрттың көзінен жас бұлайды.
Арасынан салт атты суыт шығып,
Қамшысымен құйынды осқылайды.
Қандай бала, құдай-ау, кайдағы адам,
Қос көрді ме бұл көзім айдаладан?
ЕРЛАН ЖҮНІС