«Мен жалғыз емеспін!» – деді,
Жылады, жылады сосын.
Мен сезе алмадым нені?
Сен айтшы, досым.
О, сол бір жалғыздық жолы,
Қай тұста бітеді екен?
…Кейіпкерсіз романның соңын,
Жаза алмай келемін, көкем.
«Мен жалғыз емеспін!» деді,
Жылады, жылады қатты.
Ыстық жас, ып-ыстық демі,
Кеудеме аяздай батты.
Қайғым да, мұңым да өзге,
Кетейін. Өтейін сертін:
Жалғыздық – сонау бір кезде,
Мен оған жұқтырған дертім…
«Мен жалғыз емеспін!» деді,
Жылады. Айықты дерттен.
…Түн кетіп барады мені,
Соңынан ерткен.
ЕРЛАН ЖҮСІП