Қыздар мені іздепті бақ ішінен,
Жүректердің беймаза қағысымен,
Сезімдердің беймезгіл ағысымен,
Қайтқан құстың сағынған дауысымен,
Қыздар мені іздепті бақ ішінен.
Қыздар мені іздепті қыраттардан,
Кездерімде бәрінен жырақ қалған,
Кездерімде жабығып жылап қалған,
Кездерімде жалыққан сұрақтардан,
Қыздар мені іздепті қыраттардан.
Қыздар мені іздепті таң сәрінен,
Баян менен Жібектің аңсарымен,
Шаруалардың кешкілік шаршауымен,
Жоқ іздеген кісінің сарсаңымен,
Қыздар мені іздепті таң сәрінен.
Қыздар мені іздепті биік таудан,
Биік таудан бір кезде сүйіп барған,
Биіктерге таласқан иықтардан,
Кездерімде айылымды жиып қалған,
Қыздар мені іздепті биік таудан.
Қыздар мені іздепті айдындардан,
Аққуы ұшып, артында қайғым қалған,
Күн күрсінген шақтарда, ай мұңданған,
Қыздар мені іздепті айдындардан.
ЕРЛАН ЖҮНІС