ҮМІТ ЖЫРЛАРЫ

Ол бүкіл өлеңі
бір тамшы жасты ақтай алмасын білсе егер…
Қайтармыз біз де, қайырылмай
қаншалық шыдармыз,
Хаттар жазармыз, жырлармен аңсар
ұқтырармыз.
Жаз өтер бір күн, қу кетер сыңқыл
да сыңқыл,
Жылауық күзді жан-жақта қарсы алып
тұрармыз.
Терезелерден сол шақта тысқа да қарармыз,
Сағыныш мұңын саз еткен құсқа да қарармыз,
Бір бірімізге құшақ боп ашыла қалармыз,
Бір-бірімізге найза боп ұштала қалармыз.
Өткінші бәрі, қашанғы қараша сұрайды,
Күзгі аспан неге бізбенен таласа жылайды?!
Көзінің жасын қорғамай жерге құлатқан,
Аспан дегенің адамнан аласа сыңайлы.
Деуші едім бұрын, дегенім келгенін қарашы,
Сұрағанымды тәңірім бергенін қарашы,
Тағы да, қалқам, бір жұлдыз сөнгенін
қарашы,
Тағы да, қалқам, бір гүлдің семгенін қарашы.
Өзгеріп кеттің, өтелмес өші бардайсың,
Көзіңнен мені бұлайша көшіре алмайсың,
Біресе кел деп, біресе кет деп те қаласың,
Өзі де мұңлы жүректі несіне алдайсың?!
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *