ҚАРАУСЫЗ БАҚ

Қала ішінде қалың орман секілді,
Жастығымның әні қалған секілді,
Арманымның таңы қалған секілді,
Бақ бар еді қараусыз:
Қараусыз бақ. Құстар даусы. Қара түн.
Қара түннен айдың нұры таматын.
Қарауылы – сонда келер ғашықтар,
Тұтқыны да сол ғашықтар болатын.
Соқпағы бар сойдақ-сойдақ шөп басқан,
Көсемдердің мүсіндері тот басқан…
Ескі ағаш орындықтар,
Қайыңдар
Көктем сайын дегбірімді ап қашқан…
Түкпірінде өзен жылап ағатын,
Көпірі бар – сынған құстай қанаты.
Орындықта – ойып жазған есімдер,
Әр сезімнің тарихындай қалатын.
Қараусыз бақ…
Табиғаттың өзіндей,
Табиғаттан бой алмаған сезімдей,
Жас сұлудың боялмаған көзіндей,
Менің де әлі аяулы, адал кезімдей…
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *