Қай күн еді?
Жай күн ғой, қалыпты күн,
Қалыпты күн – мен дағы қалыптымын.
Өзін-өзі құшақтап жатыр қала,
Өзі-өзімен әуре боп халық бүгін.
Жаңбыр да жоқ, қар да жоқ жауар мұнда,
Жаңалығы жоқ шығар Хабардың да.
Қонып еді бір өлең түнге қарай,
Ол да ұшып кетіпті таң алдында.
Күз боларын біле алмай, жаз боларын,
Мезгіл бүгін кезіп жүр боз даланы.
Күлімсіреп қояды күнім менің,
Күлімсіреп мен соған мәз боламын.
ЕРЛАН ЖҮНІС