Біз – мәңгілік кездесе алмаудан
ағарған көңілдің самайы,
Ешқашан ашылмаған табысу
хатындағы мыңжылдық мөрі.
Сағынышы басылмаған жүрек –
жабайы,
кісікиік,
жараланғыш,
о, бәлкім,
өлі.
Мен – қарашада тау кезіп кеткен
жігіттің салған түнгі әні,
Түн құшағындағы ауылдарды
жылатқан тағы.
О, бізге нені бұлдады,
Әлі суына қоймаған сезімдердің шоғы?!
Сен – кестелі орамалға сіңіп қалған
сап-сары көз жасы,
Он тоғызыншы ғасырдың аспанына
қадайсың көзіңді.
Әлде, Уәлихановтің, әлде, Затаевичтің
тым ескі жазбасы,
Үнсіз есіме салады өзіңді…
ЕРЛАН ЖҮНІС