Тараз.
Күз.
Саябақ.
Жеңілген жүрек
пен
Желге ұшқан жапырақ.
…Әлдебір жас жігіт сұлуды аялап,
Аяулы тілекпен…
Тағы бір ақымақ
соларға қарайды қараша бұлтындай
түнеріп.
Ей, жүрек, қойсаңшы бұлқынбай,
Бүгін ол,
Бүгін ол – тірі өлік!
Бір жырдың артында –
қаншама сұлудың көзінің ып-ыстық жасы
бар,
Ол соның азабын тартуда,
Ол соны қайда енді жасырар?
Соқпақтар бақтағы
өмірдің жолына ұласар демеді,
Өзі-өзін ақтады,
Ақтады – өлеңі.
Ақымақ!
Тағы үнсіз келеді,
Енді оған кім сенер?!
ЕРЛАН ЖҮНІС