Мені түнге кетіңдерші қалдырып

Мені түнге кетіңдерші қалдырып,
Құшағына енейін.
Ай сұлудың аққу мойнын талдырып,
Танға шейін өбейін.
Жұлдыздарды балдыздардай көрейін,
Бал қылығын татайын.
Қалыңдықтың жұпар иісті мерейін,
Бұрқыратып жатайын.
Мамырлайын мамығына бұлттардың,
Тамашалап билерін.
Айдың мөлдір ризалығын ұрттармын,
Гүлге айналып сүйгенім.
Жел-жеңгемнің желігі бар затынан,
Сөз болармыз біз анық.
Ести сала қызғаныштың отынан,
Күн шығады қызарып.
Қоштаса алмай тұрар сонда мөлтеңдеп,
Жұлдыз бикеш сызылып.
Құтпан ауа күтем сені, еркем, деп,
Ай қалады үзіліп.
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *