Күн көшті ме, әлде өзім көштім бе,
үнсіз қалдым, ескі мұңды кештім де…
Ескертпеді ешкім күздің келерін,
ескертіп мен үлгермедім ешкімге!
Көшті, көшті, не көшкенін білмедім,
Босағаның неге өшкенін білмедім,
Қанатына оранды ма құстарым,
сабақтарын жамылды ма гүлдерім?..
О, білмедім, біле алмадым, не білгем,
(бәлкім, көбін білмей өтем өмірден),
Жапырағын шашып алды-ау ақ қайың,
Ақ кербездің жасы қалды-ау төгілген.
Көкті бұлыт, жүректі мұң, жерді сыз
билегені, билегені – сенгісіз!
…Бұл қалада гүлдер әлі солған жоқ,
Кімді күтіп жүргеніміз… белгісіз…
ЕРЛАН ЖҮНІС