Кешіре алсаң, кешікпей кешіре алғайсың,
Кешірмесең көңілден өшіре алғайсың,
Сұрқай да күзде сұр жігіт суық қараса,
Есі бір кеткен Ерланды есіңе алғайсың!
О, жалған, күзгі бақтың келбеті
неткен мұңлы,
Жоғалған арманым мен еске алдым
өткен күнді.
Сұрқай жел семдіріпті-ау сумақай сөз секілді,
Бір үміт бақыт үшін бұрындау еккен гүлді.
Артымнан қыңсылайды өткеннің құр сүлдері,
Қолымнан не келеді, бірақ ол білсін нені?!
Бақ астан-кестен еді, ұйыған меңіреуден,
Адасқан махаббаттың естілді күрсінгені.
Құлазып көшкен жұрттай көңілім қайда
қалды?
Аяныш сезімімен аймалап айналамды.
Бір сұлу суюші еді бұл бақта серуендеуді,
Бір жігіт ұнататын сол жайлы ойлағанды.
Солғын өң теректер де, қайыңның боз реңі,
Мүлгіген кәрі емен тұнжырап көз іледі.
Гүл меңді жапырақтан қиылған
жылай-жылай,
Үзілген үміттердің дірілі сезіледі.
Мылқау бақ тіл қатпады,
Беймәлім өкінгені,
Беймәлім сағынғаны, беймәлім бекінгені…
ЕРЛАН ЖҮНІС