Байқаймысың, дүниенің назы бөтен:
Нәзік гүлге бәрі де нәзік екен,
Бәрін гүл деп ойлайды ол, ойлай берсін,
Нәзіктігі, о, кімнің жазығы екен?!
Қара тасқа бәрі де қара, қатты,
Қара тас деп ойлайды ол қарақатты,
«Тас емеспіз!» деп қанша күрестік біз,
Жас жүректер болғанша жарақатты.
Сен биік бол өзгенің биігі үшін,
Өзің де сүй өзгелер сүю үшін,
Қара тастан құмыра жасай көрме,
Әппақ гүлдің көз жасын құю үшін!
ЕРЛАН ЖҮНІС