Ай маңдайын айғыздаған өлімі,
Елес көрдім ажал сүйген еріні.
Жанарында қош-қош айтып өмірі,
Құлағында жаңғырыққан көр үні.
Қасіретін жасыра алмай түр-түсі,
Адастырып, таба алмаған күлкісін.
Енді мәңгі көре алмайды көктемді,
Енді мәңгі қарсы алмайды жыл құсын.
Өлім – ұлы тыныштық деп мойындап,
Қуанышы, күрсінісі жойылған.
Естелігі аяқталған сөйлемге
Үшеу емес, жалғыз нүкте қойылған.
Өлім елес арбады да мені де,
Өмір – шалдың жасырындым жеңіне.
Өлім күйі соңғы елесін әлдилеп,
Мына бейбақ кетер болды-ау көріне.
Серікбай Әбілмәжін