– Сен шырақ жақпадың неге?
– Оятып алармыз түнді…
– Бір әуен қалқып жүр көне…
– Киелі мұңды!
– Қайтеміз сөздерді өлген?
– Жүрекке көмейік оны.
– Жан – сұлық ғайыптан келген…
– Қасиет меңі!
– Кәрі ұят хал үсті жатыр…
– Даусыңды шығара көрме!
– Ауа да сатылды ақыр.
– Сатылып кетіпті жер де!
– Джоконда мазақ қылады…
– Тыңда…
– Жоғалды адамның жады!
– Ешкім жоқ мұнда!
– Тезірек таң атса екен.
– Біз күнді көрмейміз енді…
– Біреу бар есімі – Бөтен.
– Бір сұлу бар дейді Меңді…
– Бет-ауызы қисайды Ойдың!
– Медуза сүйкімді неткен!
– Суретін сақтап қал Айдың…
– Жоғалып кеткен!
– Жерде тек жалғыз гүл қалды!
– Сол үшін соғыс болады!
– Көрдің бе кешегі Шалды?
– Басында бәрінің жады!
– Мәңгілік тірі жүр екен…
– Алғашқы Адам дейді Оны!
– Осы күй – ендігі мекен…
– Өлімнің соңы!
Ерлан ЖҮНІС