– Ә, сол бір жақсы дос қайда?
– Базарда. Он бес жыл… шәй…тұз…
– Сұп-суық дірдек бар ойда.
– Жүректі аяймын байқұс.
– Адамдар байыған сайын…
– Е, қазір қарайсың кімге?!
– Сорпадай сіңді ғой шәйің…
– Бір демдеп әкелейін бе?
– Жә, болар, болармыз күпті.
– Бұйымтай… Жүрістің жөні?
– Әуресі қажеттіліктің…
– Е, қайсың іздедің мені?!
– Сен мені көрмедім деші…
– Түн бізді сатады бірде.
– Өзінде бар ма оның өші?
– Гүлдер!
– Қуыршақ ойнайды өмір.
– Құстардан хат келмей жүр ғой..!
– Мұң деген – балқыған темір!
– Шыңғырып жіберер бірде Ой.
– Қабырға көрсетті тілін!
– Айнадан біреу тұр қарап!
– Тойлап жүр ол өлген күнін…
– Өзі өзін тонап!
– О, неге ашылды есік?
– Бәрібір бер жағы да түз…
– Қыздардың көз жасын кешіп…
– Бөлмеде жат із!
– Берірек итерші тауды.
– Тсс… Жұлдыздар шоқынып отыр.
– Мм… Сағат жиырма беске ауды.
Ерлан ЖҮНІС