ҮЛЕС

О, біздің қанша күз жоғалды тектен-тек,
Қаншама сұлуға сыйладық көктемді!..
Ойымыз,
Жанымыз
әлі де көкпеңбек,
әлі де шикілеу,
әлі де шектеулі.
О, біздің піспеген алмадай жасыл бас,
Жастықтың тұп-тұнық иісі аңқыған!
Ойымыз тым қышқыл…
Уыты басылмас,
Түкіріп тастардай жұта алмай артынан.
Нөсерде қарсы алдық не көктем,
Не күзбен қоштастық тұнжырап жыр оқып!..
Күтпеген жерлерде пайда боп кенеттен,
Ғайып боп кеткенбіз дүр етіп.
Өмірді іздедік әрнеден,
Ойыншық сағаттай көрдік-ау уақытты…
Біздерді сүрленген ан-то-логия-ларменен,
Түксиген эн-цикло-педия-лар оқытты!..
Олардан бар еді безуге,
Һәм ақын, Һәм сұлу масаң ұл!
Гүлденген шақтарда ең іңкәр сезімдер,
Бүр жарып жатқанда жас өмір!..
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *