ХАТ

 
Халім ба?
аман, тірімін,
Ойлардан аздап шаршағам.
Ғалам ба?
Ғалам былыққан,
Ылыққан иттей арсалаң.
Жүрегім аздап ауырған,
Ашыған айран ми деген.
Сағыныш аулап сағымнан,
Төзім де ақыр күйреген.
Сен жаққан едің, сол отпен,
Өртеніп ұзақ, басылғам.
Жазғаным қазыр жыр емес,
Албарынды айғай ашынған.
Босқыннан бетер зарлы үні,
Бостандық дейтін бір ән бар.
өмірім толы дүрбелең,
өзегіңді өртер ұрандар.
Жалғызым, жарым, жырым да,
Селдеген сезім еді бір.
Жүдеген күнге жем болған,
Жұлмалап жұтты оны іңір.
Телміріп тұрам тым ұзақ,
Елеспен сызған мүсінге.
Қап-қара қасқа тұлпарға,
Ер салып жатам түсімде.
Отаным Қазақстанды,
Мекенім Алтай,
жер үстін,
Тұлпармен шарлап түсімде,
Қайғысын, мұңын бөлістім.
Түсімде сосын ән салып,
Сері де, сетер күн кештім.
Ақанмен, Асан қайғымен,
Арқа төсінде тілдестім.
Оянсам мезгіл таң алды,
Беймаза көңіл баяғы.
Еменнің санап саусағын,
Бата алмай тұрған ай әлі.
Көкжиек әне көзі іскен,
Қызарған қабақ жаралы.
Құлынын ертіп тарланбоз,
Батысқа беттеп барады.
Батысқа мен де асығам,
Ол енді тым-тым күлкілі.
Еңсемді таудай тік ұстап,
Есімді жиып бір күні,
Құрбаны болып өлсем ғой,
Қазақ деп туған дананың.
Иманы болып енсем ғой,
Азат боп туған баланың!
 
Серікбай ӘБІЛМӘЖІН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *