Уақыт сұрап жүр бәрі

Уақыт сұрап жүр бәрі –
Қалада кешегі уақыт.
Келемін тұнжырап түндей,
О, қайда барарым білмей.
Әлдене өзгертетіндей,
Әлдекім өзгертетіндей…
Тәңірден, қоғамнан жырақ,
Соңғы өлең лап етіп ойда,
Әлдекім тағы өлді-ау құлап…
Әйтпесе, мен сенген қайда?
 
Жеті түн, желексіз көңіл…
Ән салғым келгені несі?
Көшеде – баяғы өмір,
Баяғы көңілдің досы.
Бәрі де… мүлде енді басқа
Мендегі өмірдің әні.
Көзімнен тамбаған жаста
Ұрланған күндердің жаны.
Дауыл тұр, нөсер құй, жел соқ,
Бәрібір селт етпес ақыл!
… Кеудемнің ішінде селсоқ
әлдекім ыңылдап отыр.
Бір уақ шешедей боздап,
Бір ауық сыңсиды қыздай.
… Балконда… һәм ауа жаздап
ауаны қармаймын мұздай.
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *