Төменде төбелес ызғын

Төменде төбелес ызғын –
Дүлей бір жастықтың десі.
Жылаған дауысы қыздың…
Жымиғым келгені несі?!
Құс қонған балконда шаттық,
Тойлауда туған күн кешін.
Априори. Амигос. Аптық.
… Жылағым келгені несі?!
Білмеймін… ән салғым келді,
Нендей ән? Нендей ән ауыр?
Жесір түн, жетімек шерді
Қайтейін жүрекке бауыр?!
Тәңірім, осы бір сәттің
Ешқандай жауабы жоқ па?
Мен бүгін – өзіме жатпын,
Бауырмын –
өзіне жатқа!
Ән салсам… – керек ол кімге,
Кім мұнда расұл?!
…Бетховен естиді түнде
Гомердің құлаған жасын…
 
Лә-лә-лә, келем, лә-лә,
Тұманда қалқып кешкі.
Жанымда бәрі жаңа –
Ойымда бәрі ескі.
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *