Сіз кедейсіз,
Ақылдысыз несіне?
Несіне күрсінесіз кей түнде?!
… Қоғамдық пікірлер есінеп,
Қоғамдық көліктердегі қариялардың
кейпінде,
Тұр әне..!
Немересінің достары, бәлкім,
(Айналдым!)
Отыр.
Көзінің шырағы,
Ардагерлері болашақ майданның.
Сіз кедейсіз.
Сіздің ақылыңыз – сол қарияның шашы
ағарған,
Кедейлігіңіз – оның көңілі,
Күрсінісіңіз – қатыгез жылдарға тоналған
Өмірі!
Кедейдің ақылы
Оның аш қалуына толық жетеді.
Адалдық жайлы ұрандардың мәтіні
жазылған
қағаздарды кемірудің не екенін
сіз білесіз, тегінде,
Ол қағаздар айналмайды ақшаға!
Менің де
Кедей болуға басым жетті, жақсы аға!
Ерлан ЖҮНІС