Содан бала Қаратаудың
Басынан бұлт кетпеді.
Біреу айтты: солай, солай
Әке қолы тиген деп,
Біреу айтты: о, бейшара-ай
Пері қызын сүйген деп.
Біреу айтты: қайғы кімде,
Сол, у дәрі ішкен деп.
Біреу айтты: айлы түнде,
Көлге жалғыз түскен деп.
Біреу айтты: дуаланған,
Жылатқан деп бір қызды.
Біреу айтты: қуады арман,
Іздейді деп жұлдызды.
Біреу айтты: құс келгенде,
Қанат бітер болған деп.
Біреу айтты: түс көргенде
Түстен шықпай қалған деп.
Жылап па едің, сүйіп пе едің,
О, кім білсін, не кештің?
Менің мұңлы кейіпкерім,
Түсінбейді сені ешкім.
Сол Қаратау жүрмейді екен,
Жүгіреді тынымсыз.
Ештеңе де білмейді екен,
Сезбейді екен, ұғымсыз.
Ерлан ЖҮНІС