ОТАН

Алып саналар жиналарын көрдім,
Тұрғызу үшін жаңа әлем!
Құрыштардың да шірігенін көрдім,
Сен боса, болат, тас егіл!
Темір шымылдық түрілерін көрдім,
Сахнаға шықты жас өмір!
Алты жасымда!
Жылаған жоқпын,
сұраған жоқпын анамнан,
Жұмыстан жаңа әнұран айтып оралған,
Сол түні неге ұйықтамай маған бір аңыз
айтып шыққанын
Ұл жайлы күннен жаралған.
Түсінбесем де тыңдаймын,
Онсыз да оны жесірлік салған жасытқан еді
мұң-қайғы.
Көзінің жасы сөйлеген түнді ұқпасам да,
Аңыз ұнаған
Жаралған күннен ұл жайлы.
Деген де шығар «бодандық жайлы білмесін»:
Сен түсін, дәуір, сонау бір қанды жыл кешір!
Тарихтан дәріс оқитын менің анашым
орта мектепте
Ұлына бірақ айтпапты кісен, құлдық пен
түрме бүргесін.
Ерлікті айтқан, үйретпеді ол ездікті,
Ұстатқан қалам, ұстатпады ол кездікті.
«Құлыным, сенің тарихың басқа» деген тек,
Көп сөйлеген жоқ. Сөз бітті.
Ал бүгін, енді
Тарихты өзім білемін,
Жолдарды сезем жонарқамменен
мыңжылдар өткен ұлы елім.
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *