ОЛ ҚАЙТЫП КЕЛДІ..

Беймезгіл шақта ол қайтып келді,
Тағдырдан, әлде, жаңбырдан…
Жанының мұңын жолға айтып келді,
Жол қайтып келді абдырған.
«Қайтқан ойлардың кемел ме бәрі,
Ұшарда оны не қақты?!» —
Тәкаппар таулар төмен қарады,
Таза бұлақтар кері ақты.
Құс қайтып келді:
Омбы қарларға,
Көшкен сеңдерге «қош» десіп.
…Анау бір төрде домбыра қалды,
Анау бір жерде бос бесік…
Жабуы жүктің желпілдеп келді,
Селдіреп келді желегі,
Ботадай көзі мөлтілдеп келді –
Боздамаса екен дегені…
Махаббат әні – мұңдарда қалар,
Махаббат – мұндар, шерменде!
Қауесет ізі құмдарда қалар,
Көз жасы ізі – көлдерде.
 
Өтеуі жүрек – өкпелі болса,
Жасасын ұлы құштарлық!
…Көшкен бір жұртта көктемі қалса,
Қайтармаңдаршы құстарды!
 
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *