Мойнына бұршақ сап тілеген даланың тұңғышы,
Мен емес шығармын.
Киелі қандағы қасиетті өрліктің үлгісі,
Мен емес шығармын.
Ұлы түз, о, сен деп ұлыған бөріде абадан,
Мен емес шығармын.
Қазан ат – қан кешкен ғасырдың өтінде
жараған,
Мен емес шығармын.
Тәңір көк еркесі – қыранның шаңқылдақ
жалғызы,
Мен емес шығармын.
Алаулап атқан таң шапағы жүректей алқызыл,
Мен емес шығармын.
Білмеймін,
Бұл кәрі далалық тәкаппар жас халық
Менен не күтеді?!
Білерім:
Мен үшін барлық жол қазақтан басталып,
Қазақпен бітеді!
Ерлан ЖҮНІС