«Бізде оқулықтарға тапсырыс беру жағынан проблема бар. Мектеп оқулық көлемі бойынша бір сұраныс, ал білім басқармасы немесе бөлімі екінші көлем бойынша сұраныс жолдайды. Себеп түсініксіз. Бәлкім бұл бағытта Шолпан Таңатқызы (вице-министр Қаринова) арнайы мониторинг тобымен мәселені бақылауға алу керек болар. Тәуекелдер көп», — деді Асхат Аймағамбетов Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында.
Министр сонымен қатар мектептердің көркем әдебиетке сұраныс бермейтінін айтып қалды. «Біз балалардың оқуға, кітапқа, әдебиетке деген махаббатын оятқымыз келеді. Бірақ оқу орындары мен мектептер көркем әдеби кітаптарды алғысы да келмейді. Керек десеңіз, қазір тиісті әдеби кітаптардың қоры да қалмай барады. Сол себепті бұл мәселені де назарға алайық», — деді Асхат Аймағамбетов.