…Иә, мен де үрке қарап тұрдым,
Мағынасыз көзқарасымен біздің ғасырдың.
Сен де
Сағыныш бақшасындағы сарғалдақ гүлдің
Бір түнде қарайып кеткендігінен шошындың.
Шошына жыладың,
Енді
Тарихын ешкімге баян қыла алмасыңды
сезгендей Бүгіннің.
Қосыла жылағым келді
Бізге тәуелді еместігінен
Тамыр мен Түбірдің!
Олар бағынғысы келмейді мүлде,
Ал біз
Билік етуге үйренген санамызды
сендіре алмадық:
«Табиғат сөйлейді адами тілде!» —
О, неге осыншама өзімізді алдадық?!
Сағыныш түнді де жұтып қойды…
Қарашы,
Сарғалдақ қарайып қалыпты:
Тәкаппарлығынан біздегі тым білгіш Ойдың
Бәлкім,
Табиғаттың өзі де жалықты.
Жалықты.
Ерлан ЖҮНІС