Көнермін,
Жалғыздық атынан!
Ғасырдың қылмысы – жүрегім,
Өлеңім – ең ессіз қылығы ғасырдың!
Түсінем,
Сезінем,
Білемін,
Сағындым,
Жек көрдім,
Шошындым!
Киелі түндердің дұғасы
Таңдарда айналар қанатты сәлемге!
Менде еді – әлемнің күнәсі,
Ал менің бар күнәм – әлемде!
Сүйемін сені, әлем, дертіңмен,
Қайда бар – мен қарсы жолығам!..
…Мен едім сол түні Абылды өлтірген,
Тағы мен мерт болған Қабылдың
қолынан..!
Бір ұлы ақиқат барлығын сеземін,
Ақиқат –
әлі ешкім білмеген, сезбеген!..
Бұл ғасыр – бұл менің кезегім,
Күнәні бөлісе алмаймын өзгемен!
Бұл түні һәм байыз таппаспын сірә да,
Ұмтылған көбелек секілді жарыққа.
…қорықпа,
сұрама,
жылама,
сұрама,
жылама,
қорықпа!
ЕРЛАН ЖҮНІС