..КЕЛЕДІ

Кей-кейде сөйлегім келеді бәрінің атынан,
Айқайлап жібергім келеді.
О, сосын түнеріп отырам,
Өйткені, түнергім келеді.
Түнергім келеді қаһарлы қағандай,
Жүзінде ғасырдың сесі бар.
Күмілжір бұл әлем кілтімді таба алмай,
Иә, әлем!
Несі бар?!
Кім айтар ондай ұл тумас деп бұл дала,
Толағай.
Дүние, кеудеңді бұлдама,
Менің де кеудем бар даладай!
Кей-кейде күлкім де келеді бәрінің атынан,
Қарқылдап жібергім келеді.
… жай ғана жымиып отырам,
Жылағым келмейді, себебі.
Жымиғым келеді бір сайқымазақтай,
Қартайған, қажыған, ашынған.
Күлуге болады өзіңді мазақтай,
Ұруға болады басыңнан.
Келеді, келеді, бәрі де келеді,
Әйтеуір, жүрген соң өлмей құр.
Келгені – кетеді, туғаны — өледі,
… Кімдікі келмей жүр?!
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *