Барлығы да мына бізден қалған із,
Алғаш ғашық, аңқау жігіт, алма – қыз.
Хат жазамыз, хат ішіне от салып,
Отпен бірге өзіміз де жанғанбыз.
Қыздың бәрі қымсынады, көнбейді,
Жігіт біткен бір бақытқа шөлдейді.
Қыз сыр ашпай, жігіт барлық жарасын
Қыз алдындағы «ерлігімен» емдейді.
Үкісі боп алма қыздар үміттің,
Білмейтінді бұзыларын тұнықтың.
Қызды апасы шығармайды кешқұрым,
Төзімдерін төгіп-шашып жігіттің.
Алғаш ғашық алма қыздар жылайтын,
Айлы түнге алқынатын сыр айтып.
Алғаш ғашық аңқау жігіт хат жазып,
Таң алдында төсегіне құлайтын.
Алма – қызға үйленеді қиялда,
Мына бақыт кеудесіне сия алмай,
Жылап жатып оянатын түсінен,
Езудегі пәк күлкісін жия алмай.
Аңқау жігіт хат беретін жасырып,
Күйіп-жанып, Тәңіріге бас ұрып.
Өп-өтірік қырсығатын алма қыз,
Тұрса да іштей хат оқуға асығып.
…Егіз жүрек елемейтін ешкімді –
аңқау жігіт, алма қызға ес кірді.
Кестеленген орамалдар жоғалып,
Есіңді алған естеме хат ескірді.
Серікбай ӘБІЛМӘЖІН