ДУАЛОГТАР

– Суығын қарашы кештің.
– Тоңдырған кеш емес… Ғасыр!
– Адамға сенбейді ешкім…
– Қағазға сенеді жасыл!
– Өзіне сенбейді тағы әм.
– Өзгеге сүйейді арқа.
– Ортаны жасайды Адам.
– Жоқ, адамды жасайды Орта!
– Балшықтан жасай ма бала?
– Бұл ойын – Қуыршақ Ойнау.
– Мидағы жара!
– Тамырды байлау!
– Бір парыз досты іздеп келмек…
– Бізді енді іздейді… Шүкір!
– Армандау – кедейге ермек!
– Көнбістік – қоғамдық пікір!
– Сұп-суық дірдек бар ойда…
– Жүректі аяймын бейбақ.
– Текке әуре болдың ғой шәйға…
– Сөзге – шәй, көңілге – қаймақ.
– Шәй жақсы, ащысы болса…
– Тұрмыс бар! – Кешеден қалған…
– Бөлмені желдетіп алса…
– Сөз естіп жүрерміз шалдан.
– Газетті көрдің бе бүгін?
– Құттықтай салайық…көңіл…
– Сонда да ашпайды-ей сырын.
– Өмір!..
– Балыққа шықса ғой, шіркін!
– Ауылда тамаша қазір.
– Осылай өлеміз бір күн.
– Иә, өмір – сәтсіздеу әзіл!
 
 
 

Ерлан ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *