Алматы.
Қыркүйек.
Кеш.
Кітап дүкені.
«Қожайын, сағатқа қарама!»
Түсінем, оны үйі күтеді…
Ал менің шыққым жоқ далаға.
Қалада көңілдің боп жатыр қай тойы,
Гүлдердің иісі жоқ қалалық!…
Ол жақта даурыққан білгіштер айқайы,
Бұл жерде момақан даналық.
Тәккаппар даналық
Кітаптың ішінде
Жалыққан өзінен.
Мен де ертең дәл осы кітаби пішінде
Осында келемін…
Сезінем.
Қожайын,
Бәрібір келем ғой,
Түсін сен,
О, сонда қыздарға қымбатқа сатасың.
Бүгінгі жақсылығың үшін Сен
Аласың апамның батасын!
Кітаптар сөресі – сұлудың беліндей
Майысқақ,
Ауыр ғой шалдардың салмағы…
ЕРЛАН ЖҮНІС