Әр сәт сайын алыстаймыз достардан,
Алыстаймыз Тәңіріміз қосқаннан.
Толтырылған тағдырыңның көзесі,
толтыра алмай көңіліңді бос қалған.
Өзге түгіл, өзіңді өзің ұнатпай,
суық сезім сырғақтайды сынаптай.
Жүрек қана жалп-жалп етіп қояды,
желді күні жана алмаған шырақтай.
Керте-керте көрген биік кетілді,
Күн айналмай құлай салар секілді.
Жел жағыңнан бір жылы сөз естілсе,
Қарап тұрып жылай салар секілді,
Күдіктен де, үміттен де кекілді,
Кемді күнде жеріп кетер секілді.
Маңдайыңнан сипай қалса бір адам,
Майдай содан еріп кетер секілді.
Ойнамай-ақ отқа барған секілді,
Барға да арман, жоққа да арман секілді,
Бас бұрарға мұрсат та жоқ, мұрша жоқ,
Жауырыннан оқ қадалған секілді.
Ойың да ояу, арың да ояу секілді,
Жолың – жаяу, сарын – баяу секілді
Ерлан ЖҮНІС