АҚЫН-ПОЙЫЗ

Алматы Астанаға жақынырақ,
Арасы – мың екі жүз шақырым-ақ.
Пойыз-дос тамбурында тенселтеді,
Себебі ол менен гөрі ақынырақ!
Арқалап барам – дейді ол – армандарды,
О, мейлі арманынан алданғанды,
Қапыда көз жазысып қалғандарды,
Қайыра, қайта орала алғандарды.
Ал мен ше, мен өзімді бос алдаймын,
Өлеңді өзімменен қоса алдаймын.
Миллионды миллиондарға қосу түгіл,
Төртке екі оған бірді қоса алмаймын!..
Бойында мың шақырым кіл баған-ай,
Бұл достың ақындығын бұлдағаны,
Түн ұзақ тым болмаса купедегі
Сұлудың ұйқысынан тұрмағаны!
Бойында мың шақырым ай ілесер,
Ай болып азаптаушы ой ілесер,
…Мұң шалған арманды елде ақын өсер,
Жусаннан қалған жерге шайыр өсер.
Бойында мың шақырым күн ілесер,
Соңымнан күн боп туған кім ілесер?!
 
 
 

ЕРЛАН ЖҮНІС

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *