Ата-аналар жұмыс дәптерін сатып алуға міндетті емес – Асхат Аймағамбетов

«Ақылы байқаулар көбейіп кетті. Ата-аналар кейде амалсыз балаларын қатыстыруға мәжбүр болады. Кейде ол байқаулардың пайдасы да жоқ. Кейбір интернет олимпиадаларда қағазға басып, ақша төлеп, тапсырма алып үйіне қайтқан бала бүкіл отбасы болып, тапсырманы шешіп, ақыры қандай да бір орын алады. Бұл қаншалықты пайдалы, қаншалықты дұрыс? Сондықтан, олимпиадалар бойынша Білім және ғылым министрлігінің ұстанымы бар – мектептерде қазіргідей ақылы олимпиадалар болмауы керек. Олимпиадалар мен байқаулар бізде болады. Олар керек! Бірақ, бұл ретте министрлік тарапынан нақты регламент болады», – деді Білім және ғылым министрі. Еліміздің бас мұғалімі дарынды балалармен жұмыс одан әрі жалғасатынын айтты. «Біз дарынды балаларды ары қарай да қолдаймыз. Бірақ, білім мен білім жүйесі сепаратор, сегрегация қызметін атқармауы тиіс. Біз керісінше, әлсіз мектептерді үздік мектептердің деңгейіне сүйреуіміз керек. Десе де, дарынды балалармен жұмыс жеке тұруы керек. Қазақстанның дарынды балалары халықаралық интеллектуалдық сайыстарда үздік орындар алып жүр. Соңғы 3 жылда қазақстандық оқушылар 444 алтын медаль, 540 күміс, 848 қола медаль иеленген. Әлбетте, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру керек», – деді Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясында. Білім және ғылым министрі оқулық мәселесіне де бөлек тоқталды. «Оқулықтарда қателіктердің болуы даулы тақырыпқа айналып кетті. Сондықтан, бұл ретте амал-әдісті түпкілікті өзгерту керек. Жалпы, біз тұжырымдаманы өзгерткелі жатырмыз. Кейбір әріптестеріміз айтқандай, оқулық – қосалқы материал деген пікірге өз басым үзілді-кесілді қарсымын! Оқулық – көмекші құрал болып қалса, негізгі құрал не болмақ?! Сол себепті, оқулық – біздің оқушыларды дайындауда негізгі құрал болып қала береді. Бұл ретте ауқымды әрі кешенді жұмысты жүргізетінімізді айтқым келеді. Биыл министрлік «Жеңіл портфель» жобасын жүзеге асырады. Ол туралы айттық. Біз ата-аналарға таңдау бердік. Оқушы мәселен, талап-тілегі болса қағаз оқулықтарын сыныпқа, мектепте тастап кетіп, үйінде электронды оқулықпен дайындала алады. Ең бастысы, министрлік оқулықтардың электронды нұсқаларын пайдалануға құқық береді. Ары қарай ата-аналары өздері шешеді. Сол секілді жұмыс дәптері барлық сыныптарға міндетті болмауы тиіс. Педагогтар ата-аналарды жұмыс дәптерін сатып алуға міндеттемеуі керек», – деді Асхат Аймағамбетов.

Толығырақ: https://inbusiness.kz/kz/news/ata-analar-zhumys-dapterin-satyp-aluga-mindetti-emes-ashat-ajmagambetov

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *