Асау ой тебісіп,
Тынжылар шыңғырып іш тескен,
О, талай жүрекпен келісіп,
О, талай бастармен тістескем!
Күреңдеу жүзбенен жел өпкен,
Күн сүйген маңдаймен таңдағы,
Біз айқай салғанбыз әлдебір себеппен,
Бізге айқай салды енді салдары…!
Жүрегі көзедей у құйған,
Дәтің де шыдамас ішуге –
Ақынның барлығы – сүйкімді хулиган,
Академиялары өзінің ішінде!
О, қайда қалмады балғын да балғын күн,
Балғын күн мені енді танымас:
Қаншама сұлудың көңілін қалдырдым,
Қаншама жігіттер әлі мас…
Осындай екен-ау үлесі ақынның,
Тым биік кетіпті армандар.
Енді үйде кітапқа көміліп жатырмын…
…Балалар, сабақтан қалмаңдар!
Ерлан ЖҮНІС