Күндерім-ай, беу, алаңсыз қырдағы,
Жусан иіскеп, қи жаққан.
Ағаш мінген іздерім-ай құмдағы,
Бөрі ұлып, қар жапқан.
Біздің ғұмыр қар гүліндей төзімді,
Суық сөзге солмаған.
Жалғандықтар алдайды ылғи көзімді,
Бет пердесін торлаған.
Көрсет тірлік, әзілдемей бетіңді,
Шығарсың сен, ажарсыз!..
Шайтан-жалған, жұлып алсам өтіңді,
Қалам бәлкім, ажалсыз!..
…Аллам – мейір! Жарық күнін сыйлады,
Өстім, қайтпас ұрыскер.
Өмір барлық байлығымды ұрлады,
Ал уақыт – қылмыскер!..
Ербол Бейілхан