Қойшының әңгімесі

 
Күйек алып, қошқар қостым атарға,
Күз түсті де мал айдадым отарға.
Күн нұрынан тоят алған күрең кеш,
Өріс малдай жамырады қотанға.
Ай мүйізді арқар шықты қыраттан,
Сала мүйіз бұғы ішті суаттан.
Мөлдірлік пен тазалықты үйренем,
Құбылаға аққан мұздай бұлақтан.
Жол бойында топты шіл жүр пырылдап,
Бұта қонды қоңыр торғай шырылдап.
Тал ішінен талмаусырап құр ұшып,
Торғайды аңдып, күйкентай тұр дамылдап.
Орман – сауық, ойын керек тиінге,
Жем арқалап бет түзеді бүйі інге.
Тазы көрген шақырады саршұнақ,
Кеуде керген әркім батыр үйінде…
Түйілді де, сұңқар соқты қоянды,
Бүркіт көрген жылан қашты аярлы.
Сілеусін тұр ешкі көрген сілкініп,
Ақауызды арлан қуды бұланды.
Бұлбұл сайрар таңдайынан бал тамып,
Кірпі жатыр ән тыңдаған шалқайып.
Жаратқанның таңғажайып сырына,
Таутеке тұр шың басында тамсанып.
Қайрақ тасқа аю қайрап тырнағын,
Қаңқылымен қаз шертеді сырлы әнін.
Жер осінде дөңгеленіп дүние,
Мезгіл ұшты қанатында тырнаның.
 
Ербол Бейілхан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *