Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей

 
Бақыт бар ма, мөлдір тұнық сезімдей,
Түні бойы сені ойлаймын, көз ілмей.
Ғаламтордан қиыласың әдейі,
Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей…
Онлайн боп отырамын ойланып,
Бұл ғаламтор бара жатыр қайда алып?
Монитордан көрген кезде көркіңді,
Жүрек толқып, қалады тіл байланып.
Нұр шашасың, кезім болса жабыққан,
Есім шығып, бас айналар шабыттан.
Мен отырсам ғаламтордың төрінде,
Бал-бұл жанып, сен қарайсың жабықтан.
Агент деген – сырласудың әлемі,
Ойың тапқыр, ал дидарың әдемі!
Шуақ шашып, сен отырсаң сол жерде,
Біреулердің қызықтырмайды «Сәлемі».
Жан табам ба, ет жүрегі сендей ақ,
От сезімге жүрген едім көнбей-ақ.
О, махаббат, құдіретіңе таң қалам,
Ғашық болып қалған екем, көрмей-ақ!
Көңіл көркі енді сені аңсаған,
Өзің болдың сезімімді шайқаған.
Ғаламторға үңілемін үнемі,
Дидарыңды көру үшін қайтадан.
Бақыт бар ма, мөлдір тұнық сезімдей,
Түні бойы сені ойлаймын, көз ілмей.
Ғаламтордан қиыласың әдейі,
Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей…
 
Ербол Бейілхан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *