Сен түннің сырласы едің, Күнді іздеген

Сен түннің сырласы едің, Күнді іздеген,
Мұңлықсың ой бөліскен жұлдызбенен.
Сері-уақыт, біз барында көзіне ілмей,
Парақтар жыртылады күнтізбеден.
Күн де, Ай да қашып барады тізбектеліп,
Жазымды бара жатыр күз бөктеріп.
Көрсетпей ұры-мезгіл жасырғанмен,
Мен сені қуантайын іздеп келіп.
Мінгізіп арғымаққа, жосылайын,
Өтейін жатса-дағы тасып айдын.
Басыңа жастық етіп ақша бұлтты,
Күн болып, саған қарап отырайын.
Байқайын не сыр барын жүрегіңде,
Жырлайын дидарыңды жыр елінде.
Ұйқысыз түннен сені құтқарайын,
Түн деген атымен жоқ, Күн елінде…
 
Ербол Бейілхан
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *