Не дер екенсің мұныма тағы, қарағым,
Теңізге келіп, көз сүріндіріп қарадым.
Қарашық қадап, көре алмай қалқа, көркіңді,
Мұнайлы өлкеден мұңайып кетіп барамын.
Дидарлы аспан, төгіліп жатыр теңізге,
«Теңіз-анам-ау», бөтенге емшек емізбе?!
Іздерім қалды сабылып жүрген жағада,
Көгілдірім-ау, Каспийге келсең, мені ізде?!
Ақжал толқындар, еркелеп келіп, асылған,
Құпиям едің, теңіздей терең жасырған.
Тербетіп толқын, ескегің болып есіліп,
Тебіреніп тұрып иіскейтін едім шашыңнан.
Шағала-көңіл, шарқ ұрып жүрді жағада,
Тулайды теңіз, еседі ескек самала.
Кемеге мініп, әсем Ақтауға тамсанып,
«Қараңыз, дер ең, қараңыз, дер ең, Жан аға!»
Не дер екенсің, мұныма тағы, қарағым,
Мұң бізге ортақ, мұңайып қалма, жамалым.
Қоңыраулатып, күз әнін шертіп, құс қайтты,
Құс жолыменен сапарлап мен де барамын…
Не дер екенсің, қарағым?!
Ербол Бейілхан