Назым-ау, пернеге сыймайтын сазым-ау,
Жазым-ау, қаңқылы ерекше қазым-ау.
Теңізге телміртіп кеттің бе,
Маңдайға сыймаған бағым-ау?..
Гүлім-ау, шуағын себетін күнім-ау,
Сырым-ау, тербеткен тәп-тәтті мұңым-ау!
Аққулар жұптасып барады,
Ал бізде қол жетпес шыңырау?!
Бұлағым, бұлдырап барады бұла күн,
Шырағым, басылмай барады құмарым.
Тырналар тізбегі аспанға елеңдеп,
Түріліп тұрады құлағым…
Мөлдірім, жанымды емдейді енді кім,
Өрлігім, биіктеп барасың сен бүгін.
Көркіңді көкжиек жасырды,
Шеңберге сыймайтын кеңдігім.
Құлазып отырмын, жүректен сыр ағып,
Бұла ғып сезіммен, барады жыр ағып.
Сағынып, сарылып шөлдесең,
Жырымды іше ғой, тұма ғып…
Елігім, көрдім де деміңе ерідім,
Сенімім, қырандай көк тілді көңілім.
Болаттай балқиық оттағы
Қыздырып сезімнің көрігін..
Ербол Бейілхан