Аллаһ сені жаратыпты сынды ғып,
Жүзіңе нұр, жанарыңды мұңды ғып.
Ай бетіне атыңды айтып хат жаздым,
Бура бұлтқа мінгізіп…
Бұлттар, бұлттар сәлемімді апарар,
Сағыныштан жанарлары жас алар.
Мұзбалақ жыр асқарларда қалықтап,
Сағынады мен боп сені жоталар.
Сағынады жасыл желек қыраттар,
Сағынады сылдыр күлкі бұлақтар.
Аппақ қанат періштедей қалпыңмен,
Пенделіктен жырақ қал!
Бисмиллаһ, Аллаһ сөзі ұнатқан,
Әлһамдуллаһ, мен де сені ұнатқам.
Тағдыры бір, жанары мұң сәулемді,
Ла иләһа, бақытты ет, Жаратқан!
Әмин!
Ербол Бейілхан