Ұршық-дүние…

 
Сауын малдың сүтіндей ақты уақыт,
Ұршық-дүние тізесінде әжемнің.
Періштелер биіктен бақ құлатып,
Кінәсын да жазып жатыр әлемнің.
Мейірімді жанарындай анамның,
Бір шұғыла сауылдайды Ай жақтан.
Пенделерін алдандырып ғаламның,
Бақ пен қайғы жарысады алмасқан.
Жеңге-өмір айран беріп аяқпен,
Жезде-күндер арманымды ұрлаған.
Баба-ғұмыр жол сілтейді таяқпен,
Балаң-сезім ойынын жүр қимаған.
…Дүние-базар… Мезгіл-бояу, түрленген,
Жапырақты жел жұлады парақтап…
Ажал-мерген ұрламақ боп күндерден,
Бұталарға бұғып отыр қонақтап…
Арман аты жалт береді осқырып,
Гүл ғұмырдың жасқа толы жанары.
Ойландырып, «ойдың бұлтын сөктіріп»,
Ойын-өмір, дөңгеленіп барады…
 
Ербол Бейілхан

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *