Кекілін кескен, кер атым-ай,
Кішкентайдан бірге өскен бекзатым-ай!
Жанымда жүрген бір, жайдарлым-ай,
Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай!
Халық әні «Қос күрең»
Түн асты – кербесті жыр,
Жалына жұлдыз түнеп.
Тоқиды өрмекші құр,
Ажалға басын сүйеп…
«Қос күрең» әнім едің,
Жетпеген бекзатыма…
Жастарың әлі менің,
Тамбаған көз жасымда…
Тұнжырап мұнарлы аспан,
Тырналар мұң шағады.
Жотадан құлан қашқан,
Бөрі ұлып сыр тарады.
Желбеңдеп бұлт өтеді,
Етегі сүйретіліп.
Түз қыран шанқ етеді,
Тұмсығын Күнге тығып.
Бесік бел тербетіліп,
Бөлейді құндағындай.
Тамшы-өмір жерге сіңіп,
Жоғалғалы тұрғанын-ай!
Күз тағы… Қоңыр әуен,
Суық жел ұсқыны ауған.
Зулайды сағым әлем,
Аспанда құс жылаған…
Ербол Бейілхан
23.09.2011 ж. Астана.