Түнгі өлеңім ақырғы дем секілді,
Тілдеседі тылсыммен.
Терезеден Ай қарайды кекілді,
Жанарына нұр сіңген.
Түн дегенім – түнек емес, жұлдызды,
Жамырайды самала.
Күтті жүрек! Жұлдыз сынды бір қызды,
Жетер ме ол бағама?!
Бақтың іші «Мың бір түнгі» ертегі,
Көлеңкелер тілдескен.
Тау-жоталар ертегіге елтеді,
Жайдақ атқа мінгескен.
Күздің түні – күрең құлын төбелі,
Құлдыраңдап барады.
Түсі ауған, күрең сайға көделі,
Шөптің жасы тамады.
Түн-кәделі, сөз-несібе, олжамды,
Қанжығаға байландым.
Қараңғыда ұстаймын деп «арманды»,
Тағы бір түн алдандым…
Ербол Бейілхан
22.09.2011 ж